Залымдардың көмекшілері

Залымдардың көмекшілері

Бір тігінші имам Суфйан Сауриден (рохматуллаһи ғаләйһи): «Мен сұлтанға киім тігіп беремін. Мен залымға қолғабыс еткен боламын ба?»,-деп сұрағанда, имам Суфйан Саури (рохматуллаһи ғаләйһи): «Жоқ! Сен залымның нағыз өзісің. Ал сенен ине, жіп сатып алған залымның көмекшісі»,-деп жауап береді.

Әбу Бәкр Әл-Марузи (рохматуллаһи ғаләйһи) айтады: «Имам Ахмад (рохматуллаһи ғаләйһи) абақтыға қамалғанда, түрме қарауылы: «Уа, Абдулланың әкесі! Залымдар мен олардың көмекшілеріне қатысты айтылған хадис сенімді ме?»,-деп сұрағанда, имам Ахмад (рохматуллаһи ғаләйһи): «Иә, сенімді»,-деп жауап берді. Түрме қарауылы: «Мен залымдарға қолғабыс еткендердің қатарындамын ба?»,-деп сұрағанда, имам Ахмад (рохматуллаһи ғаләйһи): «Залымдардың көмекшілері – сенің шашыңды қысқартқан, киіміңді жуған, тамағыңды әзірлеп берген, сенімен сауда-саттық еткен. Ал сен залымның нағыз өзісің»,-деп жауап береді.

Сөздің төркіні: залым біреудің жанында жүріп, оның тапсырмасын орындаған, залым болады. Одан кейінгігілер, яғни залымның тапсырмасын орындаған адаммен қатынаста болып, оның қызметін атқарғандар – залымға жәрдем еткен болады. Демек, зұлымдық мәселесі өзіне үш мәселені қамтып тұр:

1. Залым, зұлымдықты бұйырушы.

2. Залыммен тікелей қатынаста болушы: орынбасары, көмекшісі.

3. Залымның орынбасары, көмекшілерімен қатынаста болушы.

Осы үш түрлі адамның ортақ ісі – зұлымдық.

Неге? Бұның жауабы Құранда. Алла Тағала «Һуд» сүресінің 113-ші аятында:

وَلاَ تَرْكَنُواْ إِلَى الَّذِينَ ظَلَمُوا فَتَمَسَّكُمُ النَّارُ وَمَا لَكُم مِّن دُونِ اللّهِ مِنْ أَوْلِيَاء ثُمَّ لاَ تُنصَرُون

«Зұлымдық істегендерге бейім сыңай байқатпаңдар. Оларға сүйенер болсаңдар, тозаққа тап боласыңдар!»,-деген.

Сонымен қатар «Ниса» сүресінің 85-ші аятында Хақ Тағала: «Жақсылықты қолдағанға, сол жақсылықтан несібе бар. Ал жамандықты қолдағанға, сол жаманқытан үлесі бар»,-деген.

Тұжырым: залымға болысқан зұлымдық еткенмен тең болады.

Алла Тағала баршамызды залым және залымның жолдасы болудан сақтасын! Әмин!

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға