Тәжікстандағы ислам әлемінің көне жәдігерлердің бірі болып саналатын Қожа Машхад медресесі мен кесенесіне қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Күрделі жөндеуден кейін пайдалануға берілген ғимараттың ашылу салтанаты Шаартуз ауданында болды. Аталған ислам кешені ЮНЕСКО-ның мәдени мұра ескерткіштері тізіміне ілініп, халықаралық ұйымның қорғауына алынған. Бес жылға созылған жөндеу жұмыстарына осы елдегі АҚШ елшілігі 106 мың доллар бөлген. Егіз ғимарат атанған медресе мен кесене күмбездерінің биіктігі 20 метрден асады. Заманына сай сәулет өнерінің ең озық үлгісімен салынған бұл ғимараттардың күмбездеріндегі саңылаудан ішке ешқандай жауын-шашын жаумайды. Ал одан түсетін күн сәулесі дәл уақытты көрсетіп тұрады екен. Жөндеу жұмыстарын басқарған сәулетші Рахматжон Саломовтың айтуынша, кесене IX ғасырға, ал жанындағы мешіт-медресе XI ғасырға жатады. Өз кезінде аймақ бойынша ең басты білім орталығы болған бұл медреседе белгілі тәжік-парсы ақыны, саяхатшы – Носир Хисрав оқыған. Ғимаратқа өткен ғасырдың 50-ші жылдарынан бастап ерекше көңіл бөлініп, тыңғылықты зерттеу жұмыстары жүргізілді. Бағалы металдармен көмкеріліп, құнды құрылыс материал-дарынан салынған кешеннің кейбір әшекей үшін қолданған асыл тастары бүгінде атақты Эрмитаж мұражайында тұр.







