“Нұр-Астана” мешітінің сайты ашылды

Пікір жазу 13 Шіл 2010

Әлем халықтарының күнделікті тұрмыс-тіршілігінен ойып тұрып орын алған ғаламтор тағы бір ислами сайтпен толықты. Бұндай игі шара Елордамыз Астана қаласында жүзеге асып отыр. Қаладағы «Нұр Астана» орталық мешіті барлық қазақстандық мұсылман жамағаты үшін «ummet.kz» деп аталатын сайтты іске қосты.

Аталмыш сайттағы асыл дініміз Ислам құндылықтарын насихаттайтын аудио-бейне уағыздар, мақалалар мен сұхбаттар және ислам жаңалықтары дүйім жұртшылықтың қызығушылығын тудырып, көпшіліктің көзайымына айналары сөзсіз. Сондай-ақ, халық қаладағы намазханалар, халал асханалар мен қонақ үйлердің де мекен-жайларын осы сайттан таба алады.

Халқымыздың адастырушы күштердің арбауына түспей, пайдалы, ізгі амал істеуі және ғибадат-құлшылықтары имам Ағзам мәзһабына сай болуы үшін аталған сайттың алар орны ерекше. Қазақстандағы басқа дін өкілдеріне толеранттылықпен қарауда, конфессияаралық татулықты сақтап, нығайтуда да сайттың қосар үлесі зор болмақ. Құрандағы «Алланың жолына хикметпен және әдемі үгітпен шақыр!» (16/125) деген аят бойынша, өз дінімізді халқымызға түсіндіруші және мұсылмандар арасындағы береке-бірлікті нығайтушы іс-әрекеттерді ұдайы жасап тұру мақсатымен сайт өз жұмысын бастады. Халықтың ой-пікірі мен ұсыныстарын ескере отырып, уақыт өте келе жаңарып, қызмет көрсету сапасын көтеріп отыру да бір жүйеге қойылған.
-

Дайындаған: Муфтият.kz сайтының тілшісі

Пікір жазу