ХАЛАЛ «ТЕРІСІН» ЖАМЫЛҒЫСЫ КЕЛЕТІН КӘСІПКЕРЛЕР ДЕ БАРШЫЛЫҚ

Пікір жазу 13 Шіл 2010

Кеше Астанада республика көлемінде тұңғыш рет халал өнімдері бойынша көрме өтті. «Бұл көрме – негізінен, дегустациялық көрме. Яғни келген тұтынушыларға халал өнімдерді таныстырып, дәмін татқызып көрсету, жүйемен таныстыру. Көрмені ұйымдастырудағы тағы бір мақсатымыз – қазан айында өтпек болып отырған халықаралық көрмеге дайындық. Оған өте жоғары деңгейде дайындалу керек. Өйткені бүгінде халал өнімдеріне деген сұраныс өте жоғары. Көрмені өткізуге халалға өтпеген көптеген кәсіпорындардың сұрауы да түрткі болды, – дейді «Халал» өнімдерін стандарттау техникалық комитетінің төрағасы Марат қажы Сәрсенбаев.

Бүгінде «халал» дегенде, ең бірінші, елдің ойына шошқаның ет-майы қосылмаған шұжық оралады. Алайда «халал» деген ол ғана емес. Халал деген – үлкен индустрия, үлкен ғылым. Оның ішінде ет, нан, кондитер өнімдері бар, тіпті фармация мен косметиканың халал-харамы бар. Банк жүйесі өз алдына. Міне, кешегі көрмеден осыған көзіміз жетті. Бүгінде ел арасына қанат жайған бұл саланың тұтынушыларының арасында бүгінде аузында кәлимасы бар мұсылмандар ғана емес, сонымен қатар өз денсаулығы үшін алаңдаған өзге дін және ұлт өкілдері де бар. Марат қажының айтуынша, «Халал» стандартын алған 500-ге тарта кәсіпорын басшыларының 50 пайызынан астамы мұсылман еместер. «Халал» индустриясын аяғынан тік тұрғызған Марат қажы осыған шүкір айтады.

Алайда бүгінгі қоғамда халалға деген дұрыс түсінік әлі де ойдағыдай қалыптаспай жатыр. Үлкен-үлкен супермаркеттерге барып, халал ет бар ма десең, «бар» деп сиырдың етін әкеп тұрады, не «шошқаның еті жоқ» деп шұжық әкеп береді. Марат қажының осындай келеңсіз түсініктермен күресті қолға алғалы қашан. Бісмілләсіз бауыздалмаған, сондай-ақ ұрып не тоқпен өлтірілген мал етінің адам денсаулығына қаншалық зиян екенін түсіндіру жұмыстары бұл күнде нәтижесін де беріп келеді.

Халалға қатысты тағы бір мәселе… Халалға деген сұраныс көбейген сайын халал «терісін» жамылғысы келетін кәсіпкерлер де баршылық. Алайда олардың да харам пиғылдарының тамырына балта шабуға бел шеше кіріскен «Халал» өнімдерін стандарттау техникалық комитеті жақында шошқа етін, майын, жалпы, шошқадан шығатын барлық өнімдерді анықтайтын шошқа-тестін ойлап тапты. Бұл халал индустриясындағы үлкен жетістік болып отыр. ТМД елдерінің ішінде осы саладан мойындалған елімізді енді мына бір жаңалығымызбен дүниежүзі мойындайтынына жұрттың сенімі мол. Мойындалып та жатыр. Бұны мақтан тұтуымыз керек.

Қол жеткізе алмай жүрген дүниелеріміз де жоқ емес. Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен олжа тапқысы келетіндерге қарсы комитет мемлекеттік құзырлы органдармен тексерістер жүргізуде. «Алайда шынын айту керек, бұл жағынан бізден қырғыз ағайындарымыз асыңқырап тұр. Себебі олар Экономика министрлігінде мемлекеттік жүйе құрып шығарды. Сол арқылы олардың халал өнімдерін шығарумен айналысатын кәсіпорындарды тексеріп, оларға айыппұл салуға құзырлары бар. Ал біздікі комитет болғандықтан, халалға қатысты құқықтар бұзылып жатқанда тек құзырлы органдарға шығып, солармен ғана тексеріс жүргізіп, тәртіпке шақыра аламыз», – дейді Марат қажы Ағыбайұлы.

Енді халал өнімдерінің баға мәселесіне келер болсақ, кейбір адамдар халал өнімдерінің бағасы өзге халал емес өнімдерге қарағанда қымбаттау деп шағымданып жатады. Ал Марат қажы «халал өнімдері харамға қарағанда қымбат болуы тиіс» деп есептейді. Өйткені халал өнім адам үшін баға жетпес, аса қымбат дүние саналатын денсаулыққа пайдалы. Денсаулық үшін ақша аяу қаншалықты ақылға сыйымды. «Халал өнімдерге бар болғаны жұмыскердің істеген еңбегін қосады. Халал стандарт бойынша сойылған малдың өз алдына шығыны бар, соны есептеңіз. Мәселен, мал «бісміллә, Аллаһу әкбәр» деп сойылады, оған дейін малдың күтімі бар, соның бәрі есептеліп, өнімнің бағасы қойылады. Ал енді екінші мәселе, бүгінгі таңда өліп қалған, не тоқпен, болмаса ұрып өлтірілген малдың етін сатып алып, жасай салсаңыз, ол арзандау болады. Оның арзан болуының өзі адамды ойландыруы керек. Адам денсаулығының қадірін білу керек», – дейді комитет төрағасы.

Халалдың елімізде күн санап етек жайып келе жатқанын көріп, «аққа Құдай жақ» деген осы болар дейсің іштей…

-

Салтан СӘКЕН, Астана

www.muftyat.kz

Пікір жазу