«Аллаһым, оларға ет пен суда береке бер!»
Ибраһимның ұлы Исмаил (ол екеуіне сәлем болсын) журһум тайпасының арасында өсіп, кәмелетке толды. Ибраһим жылына бірнеше рет оны көруге келіп-кететін. Бірде Ажар дүние салғаннан кейін Ибраһим ұлын көруге келеді. Бұл кезде Исмаил журһумдіктердің бір қызына үйленген-ді. Үйіне келсе, Исмаил жоқ екен. Әйелінен жағдайларын сұрайды. Келіні оған: «Таршылықта, қиындықта өмір сүріп жатырмыз»,—деп шағымданады. Ибраһим оған: «Егер күйеуің келсе, оған сәлем жолдап, «есігінің табалдырығын ауыстырсын» деп айт»,—дейді. Үйіне келген Исмаил бірдеңені сезіп: «Сендерге біреу келді ме?»—деп сұрайды. Әйелі: «Иә, бір қария келді. Сені мен жағдайымызды сұрады. Мен таршылықта, қиындықта күн кешіп жатқанымызды жеткіздім»,—деп Ибраһимды сипаттап берді. «Саған бір өсиет айтты ма?»—деді Исмаил. Әйелі: «Иә, саған сәлем жолдауымды және есігіңнің табалдырығын ауыстыруды тапсырды»,—деді. Сонда Исмаил әйеліне: «Ол менің әкем. Маған сенімен ажырасуды бұйырыпты. Сен төркініңе қайт»,—деді. Сөйтіп онымен ажырасып басқа әйелге үйленді. Сосын Ибраһим бірде тағы да келіп Исмаилды үйінен таппайды. Әйелінен жағдайларын, күнкөрістерін сұрайды. Келіні жағдайларының жақсы екендерін айтып, Аллаһты мадақтады. «Тағамдарың не?»—деп сұрады Ибраһим. Келіні: «Ет»,—деді. «Сусындарың не?»—деп сұрады. «Су»,—деді келіні. Ибраһим: «Аллаһым, оларға ет пен суда береке бер!»—деп дұға қылды. Пайғамбарымыз : «Сол күндері оларда дәнді дақыл жоқ болатын. Егер оларда дәнді дақыл болғанда, сол үшін оларға дұға қылар еді. Меккенің көзінде ешкім ол екеуінсіз (ет пен сусыз) қалмайды»[1],—деген.
Сосын Ибраһим келініне: «Егер күйеуің келсе, оған сәлем жолда және есігінің табалдырығын бекітуді тапсыр»,—деді. Исмаил келіп: «Сендерге біреу келді ме?»—деп сұрады. Әйелі: «Иә, бір келбетті қария келді. Сені және жағдайымызды сұрады. «Жағдайымыз жақсы» деп айттым»,—деді. «Саған бір өсиет айтты ма?»—деді Исмаил. Әйелі: «Иә, ол саған сәлем жолдады және есігіңнің табалдырығын бекітуіңді бұйырды»,—деді. Исмаил оған: «Ол менің әкем. Сені өзімде ұстауымды бұйырыпты»,—деді.
Осылай қанағатшыл келін пайғамбардың дұғасын алып, ол дұғаның берекетін Мекке тұрғындары әлі күнге дейін пайдалануда. Біз Аллаһтың ажыратқан ризығына қанағат танытпай, әркімге бір жағдайын айтып зарлайтын әйелдерге осы Ибраһимның келінін өнеге етеміз. Ибраһим пайғамбар ұлына ондай әйелден айрылмауды тапсырған еді. «Жоқ деген жоғалар, бар деген оңалар»,—дейді қазақ. Қашанда жоқты білдірмей, барды ұқсата білген әйел отбасының берекесі болмақ.
-
“Асыл аналар” кітабынан, Құрастырған З. Аман.
[1] Әл-Бұхари, Әнбия: 9.








