Күз аспанын қою қошқыл бұлттар қаптап күн көзін жасырып, күңгірт күй кешіп тұр. Тракторды дар еткізіп, алғаш от алдырғанда шығатын будақ-будақ қара түтіндей түйдектелген бұлттар, көктен жер әлеміне қабағын түйіп түксите қарағанда, көңілді еріксіз ауыр ой билейтін әдеті. Күллі кеңістікті жадыратқан жазбен булыға соғатын, боранды ызғары бет қаритын, қатаң қыстың арасын жалғайын өткел осы – күз. Төңірек тұнжырап, біртіндеп келе жатқан қыс қауіпінен хабар алып, көңілдері құлазып тұрғандай. Кеше ғана көк-жасыл жапырақты жамылға етіп, денесінің ұятты жерлерін көкпен жасырған ағаштардың бұтақары қазір арбиып, әбүйірлері ашылып, ұяттан қысылып әр жерінде әзер ілініп тұрған сарғыш жапырақтарын әлсіз қармана ұстап, одан да амалсыз айырылатынын біліп өкініп тұрғандай.
Ұсақ сауда жасап, күн көріп жүрген бала Ахметтің де бүгін саудасы жүрмей күзгі күндей көңілі құлазып тұр. Жанына батып тұрғаны, кешеден бері ашығып отырған кішкентай қарындасының жағдайы. Әкесі мен шешесінен бірдей айырылып, тұл жетім боп қалған он төрт жасар Ахметтің бар арманы – әлі ақылы тола қоймаған кішкентай қарындасының қамқоры болып, қиналтпай өсіру. Өзі арып – ашып жүрсе де, көңілін қобалжытатын да қарындасының халі. Онан кейін оқуына төлейтін ақысы, жүріс-тұрысы. Таңертеңнен аузына нәр салмаған Ахметтің қарны әбден ашып әлсіреп қалған. Бағана жақындау тұрған үйдің есігін қағып су сұрағанда есіктің арғы жағынан қатқыл дауыс:
- Әрі жүр мазамды алмай!, – деген сөз, жүрегін зырқ еткізген.
Енді міне амалсыз екінші үйдің есігін қағып тұр. Есік баяу ашылып, жылы жүзді әйел, өзіне мейірлене қарағанда, аспандағы түнеріп тұрған қара бұлттар қолма-қол сейіліп, жарқырап күн шыққандай сезілді. Көзін төмен салып, ұяң дауыспен амандасып алды да, жүрек жалғар ас сұрауға ұялып, су беруін өтінген. Аса жұпыны киінген Ахметтің жүдеу жүзінен оның ашығып тұрғанын аңғарып қойған ана, сәлден соң су орнына үлкен кесемен сүт ұсынды. Сүтті асықпай ішіп алған соң қолындағы қораптан саудалап жүрген өз қолынан жасаған ағаш қасықтың бірін алып:
- Сізге көп рахмет, мынау сүттің ақысы, – деп ұсынғанда.
Әйел:
- Жо-жоқ, ештеңе қажет емес, «Жақсы істің ақысын Алла береді», – деген.
- Онда мен сіздің қайырымдылығыңыздың қайтарымын Алладан тілеп, дұға жасап жүремін, – деп, Ахмет өзінің ризашылығын осылай білдірген.
Содан бері көп жылдар өтті. Өздері тұратын шағын қалада да көп нәрселер өзгерген еді. Әлгі әйел қартайып қатты ауруға шалдыққан. Жергілікті қала дәрігерлері ауруды емдеуге шамалары келмей үлкен қаладағы белгілі ауруханаға жолдама жазып беріп, сондағы білгір мамандарға көрінуді ұсынған. Сирек кездесетін аурудың емін солар табады,- деген. Белгілі маман дәрігер Ахмет арнайы шақырумен, науқастың ауруының сырын ашып, кеңес беруге келген. Науқастың тарихына үңіліп, ол әйел өзінің балалық шағы өткен қаладан екенін білгенде, бір сәтке бөгелмей науқасты өз көзімен көруге бет алған. Палатаға кіріп, науқастың жанына барғанда, баяғыдағы қайырымды әйелді айна-қатесіз таныды. Дәрігер Ахмет бұл әйелді емдеуді өз қолына алатыны туралы іштей шешім қабылдады. Барлық күш – жігер, білім мүмкіндігін салып, әйелдің өмірін сақтап қалуға жан аянбай кірісті. Алла қолдап, ұзақ ем қолдану барысында науқас ауруынан құлан – таза айықты.
Емделу ақысының есеп-шотын әйелге бермес бұрын, медбикеге Ахмет оны өзіне көрсетуін өтінген еді. Әкелген есеп-шот қағазына үңілді де, бұрышына бірдеңелерді жазып, конвертіне қайта салып, медбикеге қайырып берген. Емделу ақысы салынған конвертті қолына алып, төлем-ақысының жоғары боларын сезіп жүрген әйел, оны өтеу үшін біраз дүниесін сатуға тура келетініне де іштей сенімді болатын. Алланың жәрдем беруіне дұға қылып, конверті ашып, қағазды қолына алғанда көзі бірден бұрышына қолдан жазған жазуға түскен: – «Ақысы бір кесе сүтпен өтелген», депті. Бұл сөздерден соң өзін емдеген дәрігер Ахметтің қолы қойылыпты.
Жанын толқытқан мына сөздерден көздеріне еріксіз жас құйылып жылап жіберген.
Әп -сәтте көз алдына сонау бір күзде, су сұрап келген жабырқау күйлі жүдеу бала келе қалды. Бір кесе сүт… Күтпеген жерден келген қуаныштан көз жасын көл қып төккен әйел күбірлей:
- Қайырымды, Мейірімді Алла, расында, сенің қайырың бүкіл әлемге жеткілікті. Адамдардың жүрегіне ұялатқан мейірің шексіз!
Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деген: «Кімде-кім шын ықыласымен зекет берсе, тіпті ол бір құрма болса да, Алла оның ізгі ісін қабыл етеді, содан соң оның сыйын ұлғайтып бір құрмасын таудың көлеміне дейін үлкейтеді. Бухари, Муслим.
.
Исмаил Құттықожаев







