Атақты кәсіпқой боксшы, біздің дін мұсылман бауырмыз Майк Тайсон Астанаға ат басын бұрды. Мешітте намызын өтеді. Осы орайда шағын сұхбаттасудың сәті түсті.
– Намазыңыз қабыл болсын!
– Алхамдулла
– Сіз тума американдықсыз ба?
– Иә, атақты тентектер мекені Брукилин кварталында туып, өстім. 14 жасымда күркесінде сауда жасап тұрған адамға мылтық кезеніп, ақыры істі болдым. Мені алғаш боксқа тартқан адам – Бобби Стюарт.
– Бірден кәсіпқой бокспен айналыстыңыз ба?
– Жоқ. Әуесқой боксқа бардым.
– Одан жетістігіңіз бар ма?
– Жоқ. Лос-Анжелес олимпиадасына қатысу үшін жүргізілген іректеу сайысында талқан болып жеңілдім.
– Исламға қалай келдіңіз?
– Исламға мен келгем жоқ. Алла мағант нәсіп етті. Мен Ислам дінін қабылдағалы 25 жыл болды. Дұға оқып, Аллаһтан жақсылық тілеуден жалыққан емеспін. Спортпен айналысып жүргенде, өз эмоциямды сыртқа білдірмеуге үйрендім. Қазір мұңды кино көрсем де жылап қаламын… Бұрын өмір дегенді жеңістердің кезегі деп білсем, қазір жеңілістердің тізбегі деп білем…2003 жылы Мекке-Мәдина жерінде болып, мұсылмандықтың бес парызының бірі қажылық парызын өтедім. Биылғы ораза айында ұмра қажылығына баруды жоспарлап жүрмін.
– Дін қабылдағаннан кейін өміріңізде өзгеріс болды ма?
– …Ислам қабылдағанға дейінгі Тайсон маған ұнамайды. Ол мүлде басқа адам. Оның әйелдерге, балаларға, жалпы өмірге деген құрметі болған жоқ.
– Исламда адамның бетіне ұрып-соғуға тиым салынған. Бокстасып жүргенде осыны білдіңіз бе?
– Маған рингке шықпау керек еді. Оны қазір түсініп жүрмін ғой. Бокста мен өзімді бақылаудан қалатынмын. Төбелесіп кететінмін. Оны кеш те болса, түсініп жатқаныма, шүкір… Енді төбелеске ешкімді үйреткім келмейді…
Адам спорттан бұрын өзінің рухын қалыптастыра білу керек екен. Ондай күшті рух Ислам дінінде. Мұсылман адам шын мәнінде ешкімнен жеңіліс таппайды. Шын мәнінде…
Бұрынғы Майк Тайсонды жұрт жеңімпаз, чемпион, жұлдыз ретінде білді. Сол үшін жақсы көрді. Бірақ, ол жақсы азамат бола алған жоқ… Ал, Исламды қабылдаған соң, мен түпкілікті өзгердім. Мен бұрын ешкімнен қорықпайтынмын, қазір Аллаһпен кездесетін күннен қорқамын.
Сұхбатты жүргізген Ернар Қаһарман
www.namys.kz








